Kusto Group Семейде былғары-тері комбинатында жұмыс істеуге кіріседі
Жариялау күні : 04.06.2020

2020 жылғы 3 маусым «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ (бұдан әрі - Қор, ҚИҚ) және Kusto Group халықаралық компаниялар тобына кіретін «KM-Skin Kazakhstan» компаниясы арасында Семей қаласындағы былғары-тері комбинатында компанияның жұмысын бастауды қалыптастыратын шартқа қол қойылды.

Қор активтерінің қоржынына былғары-тері комбинаты Семей қалалық сотының ұйғарымына сәйкес 2014 жылы проблемалық жоба ретінде өтті. Бұрынғы меншік иесімен бірге, «СБТК» ЖШС, Қор қайта құрылымдау рәсімін қолдана отырып, 2014, 2015 және 2017 жылдары өндірістік қызметті қалпына келтіруге тырысты.

Алайда, міндеттемелердің орындалмауына байланысты «Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Семей қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-нің талап-арызы бойынша «СБТК» ЖШС банкрот деп танылды.

Банкроттық туралы заңнама талаптарына байланысты Қор мемлекет мүддесін қорғау және комбинатты сақтау мақсатында 2019 жылғы 15 қарашадан бастап кәсіпорынның мүліктік кешенін теңгерімге ауыстыруға және инвесторды тартқан сәтке дейін активті ұстау бойынша шығындарды көтеруге мәжбүр болды.

Қазіргі уақытта бұрынғы меншік иесі жоғарыда аталған шешімді сотта даулап отыр, бұл кешенді қалпына келтіру және іске қосу мақсатында инвесторға толық беру рәсіміне кедергі келтіреді.

Дегенмен, Қор және Kusto Group халықаралық компаниялар тобына кіретін «KM-Skin Kazakhstan» ЖШС компаниясы арасында Семей қаласында былғары-тері комбинатын кейіннен сатып алу құқығымен мүлікті жалға беру шартына қол қойылды. KM-Skin Kazakhstan жақын арада кәсіпорында жұмыс істеуге кіріседі.

Жаңа инвестор комбинатты оның негізгі қызмет түрі бойынша іске қосумен айналысады: ауыл шаруашылығы жануарларының терілерін қайта өңдеу, былғары өнімдерін (экспортқа бағытталған «Wet blue» хром иленуінің жартылай фабрикаты, аяқ киім, киетін тері) және тон-тері бұйымдарын өндіру және сату.

Комбинаттың ең жоғары қуаты жылына 122 млн. шаршы дм-ге дейін экспортқа бағдарланған былғары өнімдерін және жылына 147 мың дана тон-тері бұйымдарын шығаруды құрауы мүмкін.

Қазіргі уақытта ҚИҚ стрессті активтерді одан әрі іске қосу мақсатында бәсекелі ортаға беру бойынша жұмыс жүргізуде. Қор Басқармасының төрағасы Ермек Сәкішевтің айтуынша: «Қордың негізгі міндеті проблемалы активтерді одан әрі іске қосу мақсатында оларды кейіннен өткізе отырып сауықтыру болып табылады. Біз былғары-тері саласына маманданған кәсіби инвестордың сенімді қолында комбинат тынысы жанданады және 10 жылдан астам уақыттан кейін қайта жұмыс істей бастайды деп сенеміз», - деп мәлімдеді Е. Сәкішев.

Kusto Group халықаралық компаниялар тобы - негізін 2008 жылы бизнесмен Еркін Тәтішевпен үш серіктесімен бірге құрады. Бүгінде Kusto Group әр түрлі салаларда бизнес құрудың үлкен тәжірибесіне ие және төрт құрлықтағы 10 елде (Канада, Қытай, Грузия, Израиль, Қазақстан, Ресей, Сингапур, Түркия, Вьетнам, Украина) 30-дан астам компаниямен жұмыс істейді. Kusto Group негізгі нарықтары - агробизнес, мұнай және газ, жылжымайтын мүлік, құрылыс материалдары.

Қазақстанда Kusto Group бұған дейін Kazbeef тәрізді ірі ауыл шаруашылығы жобасын инвестициялады (асыл тұқымды мал өндірісі, бордақылау алаңдары, етті қайта өңдеу және ауыл шаруашылығы, жергілікті және халықаралық нарықтарда жұмыс істейтін болады).

«Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ - стресті активтерді қайта құрылымдау және басқару саласындағы мемлекеттік даму институты және басқарушы компания. Қор «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрылымына кіреді.